Елтай ауылы мен мектептің негізін қалаушы - «Кедей шаруа» қоғамдық шаруашылығын ұйымдастырушы, ҚР-ның Еңбек сіңірген мұғалімі, Еңбек Қызыл Ту орденді Мұқанғазы Сиранов болды. Ол 1924 жылы «Терек» деген жерде ауыл балаларын жинап мектеп ашты және «Кедей шаруа» колхозын ұйымдастырып, сол колхоздың төрағасы болды. Алғашқы мектеп үйі Елтай ауылына көшіріліп, 1929 жылы бастауыш, 1933 жылы 7 жылдық, ал 1936 жылы ауданда тұңғыш орта мектеп болып жұмыс жасай бастады. Мектеп 1936 - 1962 жылдары Елтай орта мектебі, 1962 - 1995 жылға дейін В.И.Ленин атындағы орта мектеп, 1996 жылдан бастап Мұқанғазы Сиранов атындағы орта мектеп болып аталады.
Алғашқы мектеп директоры Мұқанғазы Сиранов,оқу ісінің меңгерушісі Бекенов Хамит болды. Тарихы тереңге тартқан, ауданымыздағы тұңғыш орта мектеп болып 1939 жылы өзінің алғашқы 17 түлегін ұшырды. Оқу жылдары ішінде мектепті 4 алтын медаль, 3 «Алтын белгі» белгісінің иегері, 1 күміс медаль, 25 ерекше аттестат иелері бітірді. Мектеп түлектері арасында академик, бірнеше ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, халық ағарту ісінің үздіктері мен Ы.Алтынсарин медалінің иегерлері бар.
М.Сиранов орта мектебі жылдан-жылға жаңа буын жастармен толығып келеді. Мектебімізде 22 сынып комплектісімен 408 оқушы және мектеп алды даярлықта 53 бала, шағын топта 31 бала білім алуда. Мектепте аудандық «Өнер мектебі» жанынан 19 оқушы домбыра, баян, қобыз сыныптарында оқиды. Мектеп 2 компьютер сыныбы, 1 мультимедиялық, биология, химия, физика кабинеттерімен жабдықталған.